Өздерінің банкке айналу ниеті туралы екі микроқаржы ұйымы – KMF пен Solva мәлімдеді. Алайда бұл және банк қызметімен айналысқысы келетін басқа да МҚҰ-ларға осындай мүмкіндік беру үшін қазіргі уақытта заң жобасы әзірленіп жатыр. Аталған құжаттың қай кезеңде екені, оның ерекшелігі қандай, банкке трансформациялану процесі қанша уақыт алуы мүмкін екені туралы іскерлік ақпарат орталығы Kapital.kz тілшісімен сұхбатында «Қазақстан микроқаржы ұйымдары қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің (АМФОК) басшысы Ербол Омарханов айтып берді.
— Ербол, МҚҰ-ларды банктерге трансформациялау туралы заң жобасының әзірлену кезеңі қай сатыда?
— «Сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы, оның ішінде МҚҰ-ларды банкке конвертациялау нормалары бар құжат, Парламент Мәжілісіндегі жұмыс тобының қарауында. Жақын уақытта заң жобасы екінші оқылымға шығарылады деп ойлаймын.
— Осы заң жобасы туралы, оның негізгі нормалары жайлы айтып өтсеңіз. МҚҰ-ның банкке трансформациялануына қандай мерзім көзделген?
— МҚҰ-ларды банкке конвертациялау жөніндегі заңнамаға өзгерістер енгізу жобасы Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бастамасымен 2021 жылы ұсынылды. Бұл шағын және орта бизнесті қаржылай қолдауға маманданған ірі МҚҰ-лардың әлеуетін кеңейтумен байланысты болды.
МҚҰ заемшыларының негізгі санаты – ауылдық жерлерде тұратын өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар. Қазіргі таңда микрокредит беруден басқа, МҚҰ өз клиенттеріне аударым операциялары, шот ашу, депозиттер қабылдау сияқты қаржылық қызметтердің кең ауқымын ұсына алмайды. Алайда мұндай қызметтерге сұраныс бар, әсіресе банк бөлімшелері жеткіліксіз ұсынылған шалғай өңірлерде тұратын қазақстандықтар үшін бұл өте өзекті.
Сондықтан МҚҰ базасында банк құру арқылы трансформациялау қаржылық қызметтердің шалғай аймақтарға кеңінен таралуына, сәйкесінше қаржылық инклюзияның дамуына ықпал етеді деп санаймыз.
Заң жобасына сәйкес, уәкілетті орган микрофинанс ұйымын банкке конвертациялауға рұқсат берген күннен бастап бір жыл ішінде МҚҰ заңнамада көзделген барлық ұйымдастырушылық-техникалық іс-шараларды орындап, қаржы реттеушісінен банк лицензиясын алу үшін өтініш беруі тиіс. Яғни, конвертацияға рұқсат берілген сәттен бастап банк лицензиясын алғанға дейінгі кезең бір жылдан аспауы керек.
Конвертацияның мәні – МҚҰ қызметінің ұзақ уақытқа тоқтап қалуына, клиенттік базасының жоғалуына және қаржы нарығындағы позицияларының әлсіреуіне жол бермейтін, біртіндеп жүзеге асатын трансформация. Ең бастысы – клиенттер өтпелі кезеңде қолайсыздық сезінбеуі тиіс. Іс жүзінде банк МҚҰ-ның қалыптасқан жарғылық капиталы, материалдық-техникалық және клиенттік базасы негізінде құрылады.
— Бұл заң жобасын қашан қабылдау жоспарланып отыр?
— Құжат биыл қабылданып, күшіне енеді деп үміттенеміз. Қалай болғанда да, конвертация процесіне қатысуды жоспарлап отырған МҚҰ-лар өздерінің ішкі процестері мен рәсімдерін банк қызметі туралы заңнамаға сәйкестендіру бойынша дайындық жұмыстарын қазірдің өзінде жүргізіп жатыр.
— Банкке трансформацияланатын МҚҰ-ларға банктермен бірдей талаптар қойыла ма, әлде ерекше талаптар бола ма?
— Қазіргі таңда микрофинанс қызметі туралы заңнама, егер кредиттеу тұрғысынан қарастырсақ, іс жүзінде банк реттеуіне теңестірілген. Бұл кредиттік қызмет көрсету саласындағы реттеушілік арбитражды жою мақсатында жасалды. Сондықтан МҚҰ қызметі қаржы жүйесінің басқа субъектілерімен салыстырғанда банк қызметіне барынша ұқсас.
Банкке конвертациялау туралы шешім қабылдаған МҚҰ-ларға қойылатын талаптар банкті жалпы негізде құру талаптарынан еш айырмашылығы болмайды. Заң жобасы МҚҰ үшін ешқандай жеңілдіктер мен ерекше режимдерді қарастырмайды.
Керісінше, МҚҰ-ларға іскерлік беделге, басшылық құрамының кәсіби тәжірибесіне және кредиттік нарықтағы жұмыс өтіліне жоғары талаптар қойылуы тиіс деп есептейміз. Банктік заңнама талаптарын ескере отырып, конвертация тек қазіргі таңда банкке айналу үшін қажетті ресурстарға ие ірі МҚҰ-ларға ғана қолжетімді болады. Сондықтан МҚҰ-лардың жаппай банктерге айналуын күтудің қажеті жоқ.
Дегенмен, банкке конвертацияланған МҚҰ өздерінің микрофинанс бағытын, клиенттік базасын және кредиттеу әдістемесін сақтайды деп үміттенеміз. Сондай-ақ өңірлерде жұмыс істейтін ШОБ субъектілерін қаржылай қолдауға бағытталған қызметін жалғастырады деп сенеміз.
— Ербол, KMF пен Solva-дан бөлек, банкке айналуға дайын екенін білдірген басқа МҚҰ туралы ақпаратыңыз бар ма?
— Менің білуімше, қазіргі уақытта тек сіз атап өткен екі компания ғана өз жоспарларын жариялады. Дегенмен бәрі де банктік қызметке қойылатын талаптардың толық орындалуына байланысты. Дайындық білдіру – бұл әлі банкке айналу деген сөз емес. Уақыт өте келе нарықтағы жағдай қалай дамитынын көреміз.
Қалай болғанда да, мұндай мүмкіндіктің берілуін микрокредиттеу нарығы үшін оң белгі деп санаймыз. Бұл МҚҰ секторына деген сенімнің артқанын көрсетеді.
Copyright © 2005 - 2026 Қазақстан микроқаржы ұйымдарының қауымдастығы. Барлық құқықтар сақталған.