2022 жылғы 10 қарашада ҚМҰҚ Қазақстанның МҚҰ секторында гендерлік әртүрлілік қағидаттарының сақталуын зерттеудің бірінші кезеңін аяқтады.
Зерттеу ҚМҰҚ тапсырысы бойынша Қолданбалы экономика зерттеулер орталығы (Applied Economics Research Centre – AERC) тарапынан статистикалық деректерді талдау және компания қызметкерлері арасында онлайн сауалнама жүргізу арқылы жүзеге асырылды. Зерттеуге барлығы 200 респондент қатысты.
МҚҰ секторы гендерлік әртүрлілікпен тек қызметкерлер құрамында ғана емес, сонымен қатар басқарушы лауазымдарда да ерекшеленеді. Ашық статистикалық деректерді талдау ҚМҰҚ құрамына кіретін әрбір үшінші МҚҰ-ны әйелдер басқаратынын көрсетті (71 компанияның 23-і). Онлайн сауалнама нәтижелері бойынша МҚҰ секторында ерлер мен әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігін сақтау тұрғысынан жағдай жалпы алғанда қолайлы екені анықталды. Респонденттердің басым көпшілігі (90%) ерлер мен әйелдердің МҚҰ-да мансап құру мүмкіндіктері тең екенін атап өтті.
Сонымен қатар, респонденттердің 23%-ы әйелдердің МҚҰ-да басшылық лауазымдарға өту барысында белгілі бір қиындықтарға тап болатынын атап өтті. Бұл пікірді әйелдер (29%) ерлерге (8%) қарағанда жиі білдіреді. Әйелдердің мансаптық өсуін қиындататын негізгі себептердің қатарында ең алдымен жұмыстан тыс міндеттерді (отбасылық, жеке және т.б.) орындау қажеттілігі – 47%, сондай-ақ қоғамдағы ескірген көзқарастар – 29% көрсетілді.
«Бұл жоба ҚМҰҚ-тың Тұрақты даму комитеті тарапынан әлеуметтік жауапты бизнесті дамыту және ESG қағидаттарын ілгерілету, соның ішінде гендерлік теңдікті сақтау және әйелдердің жұмыс орнында, нарықта және қоғамда мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында бастамаланған», – деді ҚМҰҚ директоры Ербол Омарханов. Ол ҚМҰҚ алдағы уақытта да МҚҰ секторының тұрақты дамуы мен әлеуметтік әсерін арттыру бағытындағы жұмыстарын жалғастыратынын атап өтті.
Зерттеу есебімен сілтеме арқылы танысуға болады https://drive.google.com/drive/folders/1_0gozKDRM9Ia1jnkFlz_LKFD8uS1Xi3_?hl=ru