Бірінші кредиттік бюроның ағымдағы жылдың 1 қаңтарындағы деректеріне сәйкес, микроқаржы ұйымдарының несие портфелі 811,1 млрд теңгені құрады, бұл банктер мен банктік емес кредиттік ұйымдар берген барлық несие портфелінің жалпы көлемінің 3%-ына тең. Өткен жылдың қорытындысы бойынша қаржы реттеушісі микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымдарға (оның ішінде ломбардтар мен кредиттік серіктестіктерге) қатысты шамамен 8% немесе 1 800-ден астам өтініш пен шағымды қараған. Бұл қаржылық қызметтерді тұтынушылар тарапынан Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жолданған өтініштердің жалпы санынан алынған үлес.
«Бұл МҚҰ-лар банктер мен банктік емес кредиттік ұйымдардың жалпы несие портфеліндегі үлесінің мардымсыз болуына қарамастан, халықтың шамадан тыс қарыздануының өсуіне түрткі болып отырмағанын көрсетеді. МҚҰ-ларға қатысты шағымдардың аздығын ескере отырып, микрокредиттеу нарығы әлеуметтік шиеленістің негізгі көзі емес деп те болжауға болады.
Сонымен қатар, МҚҰ халықтың депозиттерін тартпайды, шоттар ашпайды, аударым операцияларын жүзеге асырмайды және қаржы жүйесінің тұрақтылығы үшін қауіп төндірмейді. МҚҰ несие портфелінің құрылымында 50%-дан астамын жеке тұлғалар мен шағын және орта бизнес субъектілеріне кәсіпкерлік мақсатта берілген микрокредиттер құрайды.
МҚҰ-ның негізгі міндеті – банк қаржыландыруына қол жеткізе алмайтын тұлғалардың кредитке деген сұранысын барынша қанағаттандыру»,
— Ербол Омарханов, «Қазақстан микроқаржы ұйымдары қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің директоры.
Қазіргі уақытта қауымдастық құрамына елдегі барлық микрокредиттердің 87,4%-ын ұсынатын 65 микроқаржы ұйымы кіреді. «Біз мемлекеттің микрокредиттеу секторын реттеу жөніндегі ұстанымымен толық келісеміз, өз уақытында АМФОК МҚҰ-ларды лицензиялау режиміне көшірудің бастамашысы болған. Енді, біздің ойымызша, реттеуден микрокредиттеу секторын дамыту, оның ашықтығы мен әлеуметтік жауапкершілігін арттыру бағытында келесі қадам жасау уақыты келді. АМФОК ұсыныстары МҚҰ-ларды өзін-өзі реттеу режиміне көшіруге бағытталған», – дейді қауымдастық басшысы.
Сертификаттау клиенттерді тиімсіз қаржылық қызметтерден қорғауға мүмкіндік беретін нақты стандарттар жиынтығын енгізуді көздейді. «Клиенттерді қорғау бойынша сертификаттау – бұл қаржы ұйымының қызметінде және өнімдік желісінде клиенттерді қорғау қағидаттарының сақталуын үшінші тараптың тәуелсіз бағалауы және жалпыға танылған растауы. Сертификаттауды MicroFinanza Rating компаниясы жүргізеді. Бұл – клиенттерді қорғау қағидаттарының сақталуын бағалау бойынша жетекші еуропалық сертификаттау ұйымы, оның түрлі елдерде, соның ішінде Орталық Азияда да кеңселері бар», – деп түсіндіреді сұхбаттас.
Сертификат алу үшін жеті негізгі қағидатты қатаң сақтау қажет. Әрбір қағидат мынадай өлшемшарттарды қамтиды:
Өнімді дұрыс әзірлеу және ұсыну (клиенттердің қажеттіліктерін зерттеу және кредиттерді дұрыс ұсыну).
Шамадан тыс қарызданудың алдын алу (клиенттің төлем қабілеттілігі мен кредитке қабілеттілігін бағалау).
Ашықтық (кредит берілгенге дейін клиенттің барлық шығындарын толық ашып көрсету, шарт талаптарымен дұрыс таныстыру).
Жауапты баға белгілеу (клиент үшін көтере алатын әрі компанияның тұрақтылығын қамтамасыз ететін сыйақы мөлшерлемесін белгілеу).
Клиенттерге әділ және құрметпен қарау (клиенттермен жұмыс істеудің барлық кезеңдерінде, соның ішінде берешек кезеңінде этика нормаларын бұзуға жол бермеу).
Клиент деректерінің құпиялылығы (микрокредит беру құпиясын және жеке деректердің сақталуын қамтамасыз ету).
Шағымдарды қарау және шешу тетіктері (шағымдарды қабылдау, есепке алу, қарау тәртібі, мерзімдері және нәтижесіне клиенттің қанағаттану деңгейін қамтитын нақты жүйенің болуы).
«Сертификат алу МҚҰ-ларға шетелдік капитал нарықтарына қол жеткізуге де мүмкіндік береді. Әлем бойынша микроқаржы саласына инвестиция салатын халықаралық әлеуметтік қорлар клиенттерді қорғау қағидаттарын сақтау сертификаты бар компанияларға басымдық береді. Микрокредиттеу секторындағы қаржыландыру мәселесінің өзектілігін ескере отырып, сертификаттау арқылы капитал нарықтарына қол жеткізу МҚҰ үшін қосымша ынталандыру болмақ»,
— АМФОК.
Оның пікірінше, МҚҰ нарығында этикалық мінез-құлық нормаларын сақтау міндетті талапқа айналуы тиіс. Этика нормаларын бұзу және микрокредиттеу нарығындағы теріс әрекеттер МҚҰ-ны өзін-өзі реттейтін ұйым құрамынан шығару үшін негіз болады және тиісінше микроқаржы қызметін жүзеге асыруға тыйым салынуы мүмкін.
Банктік және сақтандыру секторларында омбудсмендер ұзақ уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқанына қарамастан, микрокредиттеу саласында қарыз алушылардың құқықтарын қорғайтын уәкілетті орган әлі күнге дейін жоқ. Қазіргі таңда клиенттер өз мәселелерімен Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінеді, ал өтініштерді қарау мерзімі 3 күннен 14 күнге дейін созылады, алайда бұл қарапайым азаматтар үшін ұзақ уақыт болып табылады.
«Микроқаржылық омбудсмен клиенттердің шағымдарын жедел түрде қарай алар еді, осылайша МҚҰ-ларға қатысты қаржы реттеушісіне келіп түсетін барлық өтініштер мен шағымдар ағынын өзіне шоғырландырар еді. Сондай-ақ МҚҰ есебінен қаржыландырылатын қор құру қажет. Бұл қор клиенттерді қолдауға, оқытуға және даулы жағдайларды шешуге бағытталуы тиіс. Қордың логикасы қарапайым: МҚҰ-ға қатысты шағымдар неғұрлым көп болса, оның қорға аударымдары да соғұрлым жоғары болуы керек. Қор қаражаты клиенттерді оқытуға, қаржылық сауаттылықты арттыруға, қиындықтар мен даулы жағдайлар туындаған кезде қолдау көрсетуге бағытталуы тиіс», – деп түсіндіреді сұхбаттас.
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микроқаржыландыру секторын бірнеше жылдан бері реформалап келеді. Атап айтқанда, заңнамалық деңгейде тұтынушыларды шамадан тыс қарызданудан және жоғары пайыздық мөлшерлемелерден қорғауға бағытталған шектеулер енгізілген.
Ирина ЛЕДОВСКИХ
Copyright © 2005 - 2026 Қазақстан микроқаржы ұйымдарының қауымдастығы. Барлық құқықтар сақталған.