Қазіргі заманда қаржылық сауаттылық табысты өмірдің ажырамас бөлігі екендігін түсінетін адамдар саны артып келеді. «Қаржылық сауатты клиент — кредиттік міндеттемелерді уақытында орындаудың кепілі» ұранымен «Микроқаржы ұйымы «Азиялық Кредит Қоры» ЖШС (АКФ) жыл сайын өз қарыз алушыларына арналған тренингтер сериясын ұйымдастырады. Бұл ретте Қазақстанның ауылдық өңірлерінде тұратын клиенттердің қаржылық сауаттылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінеді.
Қаржылық сауаттылық бойынша алғашқы тренингтер 2023 жылғы 5 маусымда басталып, Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарының тұрғындарын қамтыды. Тренинг барысында АКФ өкілдері бюджетті дұрыс жүргізуге және шығындарды бақылауға мүмкіндік беретін қаржылық жоспарлау қағидаттары туралы айтып, өңір тұрғындарын кредит алу мәселесіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (АРРФР) спикерлері цифрлық сауаттылық мәселелеріне ерекше назар аударды. Өңір тұрғындарына ең кең таралған алаяқтық схемалар, фишингтік сайттар арқылы жеке деректерді ұрлау жағдайларының жиілегені, сондай-ақ алаяқтардың банк қауіпсіздік қызметкерлері немесе сатып алушылар ретінде көрініп, кредит рәсімдеуі туралы ескертілді.«Егер сіздің жеке және төлем деректеріңіз киберқылмыскерлердің қолына түссе, олар сіздің онлайн немесе мобильді банкингіңізді бұзып, алаяқтық жолмен кредит рәсімдей алады. Өз атыңызға заңсыз кредит рәсімделгенін анықтау үшін кредиттік тарихыңызды тұрақты түрде, кемінде тоқсанына бір рет тексеру қажет. Жеке кредиттік есепті Мемлекеттік кредиттік бюродан, Бірінші кредиттік бюродан, ХҚКО-дан немесе egov.kz порталы арқылы алуға болады», — деп ескертті Агенттік өкілдері.
Сондай-ақ оқыту іс-шараларына «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ өкілдері қатысып, тыңдаушыларға Қазақстанның зейнетақы жүйесі, зейнетақы жинақтарын тиімді басқару жолдары, ерікті зейнетақы жарналары және жинақтарды басқарушы компанияларға беру мүмкіндіктері туралы ақпарат берді.
Жалпы алғанда, 2023 жылғы 5–30 маусым аралығында 13 тренинг өткізіліп, 580 тыңдаушы қамтылды. Іс-шара қорытындысы бойынша өңір тұрғындары тренинг туралы өз әсерлерімен бөлісіп, кредиттік өнімдерді дұрыс пайдалану және мерзімі өткен берешекті реттеу мәселелері бойынша жеке консультациялар алды.
Келесі қаржылық сауаттылық бойынша оқыту іс-шаралары 2023 жылғы 14 тамыз бен 4 қазан аралығында Абай, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Алматы, Ақмола, Қарағанды және Ұлытау облыстарының тұрғындары үшін өткізіледі.
Copyright © 2005 - 2026 Қазақстан микроқаржы ұйымдарының қауымдастығы. Барлық құқықтар сақталған.