Микроқаржы ұйымдарына рейтингтер қажет пе? Қазақстанда шетелдік қатысуы бар қанша МҚҰ жұмыс істейді? Клиенттерді адал емес қаржылық қызметтерден кім қорғайды? Олардың әрекеттерінен қанша азамат зардап шекті? Осы және өзге де сұрақтар туралы іскерлік ақпарат орталығы Kapital.kz тілшісіне берген сұхбатында «Қазақстан микроқаржы ұйымдары қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің (АМФОК) басшысы Ербол Омарханов айтып берді.
— Ербол, бірнеше жыл бұрын сіз инвесторлар қабылдайтын котировкалары бар ішкі ұлттық рейтингтік агенттік құру қажеттігі туралы айтқан едіңіз. Белгілі болғандай, бұл әлі жүзеге асқан жоқ. Жалпы алғанда, микроқаржы ұйымдарына рейтингтер қажет пе?
— Иә, қазіргі уақытта Қазақстанда МҚҰ қызметін арнайы бағалайтын дербес рейтингтік агенттіктер жоқ. Ірі МҚҰ-лар халықаралық рейтингтік агенттіктер арқылы өз қызметін бағалауға өз бетінше қатысады. Мысалы, KMF, «ОнлайнКазФинанс», «Toyota Financial Services Kazakhstan». Бұл ұйымдар қор биржасының қатысушылары болып табылады, халықаралық қаржы институттарымен жұмыс істейді, сондықтан рейтингтер олар үшін қорландыру мәселелерінде маңызды рөл атқарады және инвесторлардың сенім деңгейін арттырады.
Алайда ұйымның қаржылық жағдайын бағалайтын рейтингтерден бөлек, әлеуметтік рейтинг те бар. Бұл – қаржы ұйымының қызметінде және өнімдік желісінде клиенттерді қорғау қағидаттарының сақталуына берілетін үшінші тараптың тәуелсіз бағасы.
Сертификаттауды, әдетте, MicroFinanza Rating (МикроФинанза Рейтинг) атты жетекші еуропалық сертификаттау компаниясы жүргізеді. Компанияның әртүрлі елдерде, соның ішінде Орталық Азияда да кеңселері бар.
MicroFinanza Rating сертификатын алу үшін жеті қағидатты сақтау қажет.
Бірінші қағидат – өнімді тиісті түрде әзірлеу және ұсыну (клиенттердің қажеттіліктерін зерттеу және кредиттерді дұрыс ұсыну).
Екінші – шамадан тыс қарызданудың алдын алу (клиенттің төлем қабілеттілігі мен кредитке қабілеттілігін бағалау).
Үшінші – ашықтық (кредит берілгенге дейін клиенттің барлық шығындарын толық ашып көрсету және шарттың барлық талаптарымен дұрыс таныстыру).
Төртінші – жауапты баға белгілеу (клиент үшін қолжетімді әрі компанияның тұрақтылығын қамтамасыз ететін сыйақыны белгілеу).
Бесінші – клиенттерге әділ және құрметпен қарау (клиенттермен жұмыс істеудің барлық кезеңдерінде, оның ішінде берешек кезеңінде этиканы бұзуға жол бермеу).
Алтыншы – клиент деректерінің құпиялылығы (микрокредит беру құпиясын және жеке деректердің сақталуын қамтамасыз ету).
Жетінші қағидат – шағымдарды қарау және шешу тетіктері (шағымдарды қабылдау, есепке алу, қарау тәртібі, мерзімдері және нәтижесіне клиенттің қанағаттану деңгейін қамтитын нақты жүйенің болуы).
— Қазақстанда MicroFinanza Rating сертификатына ие МҚҰ бар ма? Мұндай сертификатты алу қанша тұрады?
— Қазіргі уақытта Қазақстанда клиенттерді қорғау қағидаттарына сәйкес келетін сертификатқа ие бар болғаны үш МҚҰ бар. Олар – «Арнур Кредит», «Азиаттық Кредит Қоры» және KMF.
Сертификаттау қызметінің құны шамамен 5 000 еуроны құрайды.
Бұл ретте айта кету керек, клиенттерді қорғау қағидаттарын сақтау реттеушінің тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі талаптарынан да жоғары деңгейде бағаланады.
Осылайша, нарықтың қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын сақтау бағытына қарай қозғалысы, біздің ойымызша, ашықтық пен МҚҰ-лардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыру тұрғысынан үлкен тиімділік береді. Ал сертификаттау өз кезегінде шетелдік капитал нарықтарына қол жеткізуге жол ашады. Сондықтан нарықта адал мінез-құлық МҚҰ үшін экономикалық тұрғыдан тиімді болатындай жағдай жасау қажет.
Жуырда біз Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне (АРРФР) МҚҰ-ларды клиенттерді қорғау қағидаттарын сақтау бойынша сертификаттауға көшуге ынталандыру бастамасымен жүгіндік. Салалық қауымдастық ретінде біз микроқаржы қызметтері секторына деген сенімді арттыруға мүдделіміз және бұл мәселе бойынша қаржы реттеушісімен белсенді ынтымақтастыққа дайынбыз.
— Қазіргі таңда Қазақстанда шетелдік қатысуы бар қанша МҚҰ жұмыс істейді?
— Сандық тұрғыдан алғанда, шетелдік қатысуы бар МҚҰ-лардың үлесі микроқаржы ұйымдарының жалпы санының 30%-ынан аспайды.
Жалпы кез келген мемлекет шетелдік капиталды тартуға мүдделі. Қазақстан көптеген жылдар бойы қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру саясатын жүргізіп келеді. Сондықтан МҚҰ меншік құрылымында шетелдік инвесторлардың болуынан біз тек оң нәтижелер көреміз.
Алайда басқа елдерден келген акционерлер мен қатысушылар ішкі заңнаманы, әлеуметтік қорғау қағидаттарын және азаматтарымыздың мүдделерін құрметтеуі тиіс. Олар қысқа мерзімді пайда үшін халықтың ресурстарын барынша пайдалануға ұмтылатын «уақытша» инвестор болмауы керек. Біз микроқаржы қызметтері саласындағы мұндай өсімқорлық бизнес моделіне қарсымыз және азаматтардың борыштық жүктемесін төмендету жөніндегі мемлекеттік шараларды толық қолдаймыз, бірақ шектен тыс қатаңдықсыз. Реттеу мен МҚҰ нарығын дамыту арасындағы тепе-теңдік сақталуы тиіс, әйтпесе микрокредиттеу нарығының стагнациясына әкелуі мүмкін.
— Мұндай жағдайлар болған ба?
— МҚҰ секторындағы проблемалардың әлі де бар екенін мойындау керек. Микроқаржы секторындағы негізгі тәуекелдер онлайн-кредиттеу саласында шоғырланған, мұнда шетелдік қатысушылар мен акционерлердің үлесі жоғары. Бұрын интернет-кредиттеу нарығы мемлекет тарапынан бақылауға алынбаған. Тек 2020 жылы ғана ол реттеу мен қадағалау аясına енгізілді. Сондықтан, мүмкін, осы сегментте заңнаманы және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын бұлжытпай сақтау мәдениеті әлі толық қалыптаспаған.
Сонымен бірге бұл қатысушылардың арасында адал әрі заңға бағынатын компаниялар да бар екенін атап өткен жөн, бәрін бірдей қаралауға болмайды. Қаржы реттеушісі бұл секторда тәртіп орнату бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп, адал емес МҚҰ-ларға арналған барлық олқылықтарды жапты, кредиторлардың жауапкершілігін күшейтті.
— МҚҰ, оның ішінде резидент емес ұйымдар көрсететін адал емес қаржылық қызметтерден клиенттерді кім қорғайды?
— АРРФР құрылымында құрылған қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау тетігі нарықты резиденттер мен резидент еместерге бөлмейді. Нормативтік талаптар барлығына бірдей қолданылады, оның ішінде микрокредит беру шарттарының мазмұнына, сыйақының шекті мөлшерлемелеріне, айыппұлдар мен өсімпұлдарға қойылатын шектеулер және т.б.
— МҚҰ-лардың адал емес қызметінен қанша азамат зардап шеккені туралы статистика бар ма?
— Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің деректеріне сәйкес, 2021 жылы МҚҰ, ломбардтар және кредиттік серіктестіктерге (барлығы 1 058 ұйым) қатысты өтініштер мен шағымдар АРРФР-ге түскен барлық өтініштердің 8%-ын немесе 1 800-ден астамын құрады. Бұл бір микроқаржы ұйымына жылына орта есеппен 1,7 шағымнан келеді деген сөз. Бұл көрсеткіш МҚҰ-ларды борыштық жүктемеге байланысты әлеуметтік шиеленістің өсуіне кінәлау үшін тым аз екенімен келісесіз деп ойлаймын.
Барлық өтініштер мен шағымдар уәкілетті орган тарапынан МҚҰ-ларды құжаттық тексеру аясында қаралады. Қолданыстағы реттеуші талаптарды бұзғаны үшін МҚҰ заңда белгіленген жауапкершілікке тартылады.
Қазіргі таңда реттеуші микрокредиттеу нарығындағы теріс пайдалану мен адал емес мінез-құлыққа мүмкіндік беретін барлық олқылықтарды жапты. Атап айтқанда, бұрын онлайн режимде берілетін микрокредиттер бойынша борыштық жүктеме коэффициентін есептемеу үшін ең көп таралған схема – кредит сомасын 42 500 теңгеге дейін бөлшектеу болды.
Қазіргі уақытта АРРФР заемшының өтелмеген қарызы болған жағдайда борыштық жүктеме коэффициентін есептемей микрокредит беруге тыйым салды. Яғни, заемшы қолданыстағы микрокредитін немесе банктік қарызын өтемейінше, МҚҰ борыштық жүктеме коэффициентін есептемей жаңа кредит бере алмайды. Сонымен қатар, жақында онлайн-микрокредиттер бойынша артық төлем сомасын екі есе азайтатын және онлайн-кредиторларды қарыз шартын тек жақсартылған талаптармен ғана ұзартуға міндеттейтін түзетулер енгізілді.
Әрине, микрокредиттеу нарығындағы адал емес тәжірибе МҚҰ секторына деген сенімнің төмендеуіне, беделдік тәуекелдердің артуына, қоғамдағы әлеуметтік шиеленістің күшеюіне, ал заемшылар үшін борыштық жүктеменің ұлғаюына әкелуі мүмкін.
— Онда МҚҰ клиенттерінің деректерінің құпиялылығына кім кепілдік береді?
— Микрокредит беру құпиясы заңнамалық деңгейде кепілдендірілген, ал кредиторға берілген дербес деректердің сақталуына МҚҰ жауапты. Кредитор клиенттің жазбаша келісімінсіз оның дербес деректерін үшінші тұлғаларға беруге немесе өз мақсаттарына пайдалануға құқылы емес.
Егер азаматтарға бұрын қызмет көрсетпеген және дербес деректер берілмеген қаржы ұйымдарынан қоңыраулар түссе, мұндай ұйым бұл мәліметтерді заңсыз жолмен алған болуы мүмкін. Мұндай жағдайларда уәкілетті органдарға жүгіну қажет.
Сонымен қатар, кейде дербес деректер қылмыскерлерге белгілі болып, олар бұл мәліметтерді өз қылмыстық мақсаттарында пайдаланып, басқа адамдардың атына қарыз рәсімдейді. Сондықтан дербес деректерге өте мұқият қарап, оларды қорғаудың қажетті деңгейін қамтамасыз ету керек. Бұл азаматтарға ғана емес, қаржы ұйымдарына да зиян келтіретін алаяқтардың құрбаны болмау үшін маңызды.
Copyright © 2005 - 2026 Қазақстан микроқаржы ұйымдарының қауымдастығы. Барлық құқықтар сақталған.