Қосылыңыз

МҚҰ-ларға лицензияны тапсырмай-ақ банктерге трансформациялануға рұқсат беріледі

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мадина Абылкасымова Сенатта «Сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын, банктік қызметті реттеу және дамыту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды.

Бұған дейін ол сақтандыру нарығының дамуы және қор нарығын одан әрі дамыту мәселелері туралы баяндаған болатын. Заң жобасына енгізілген түзетулердің үшінші блогы банктік қызметті жетілдіруге арналған.

Біріншіден.
Банктер мен банк холдингтерінің басшы қызметкерлерін келісу рәсімін жеңілдету мақсатында реттеуші орган тарапынан кешенді алдын ала келісім беру көзделіп отыр. Басшы қызметкер ұқсас лауазымға басқа ұйымға ауысқан жағдайда, оған қайтадан келісім алу талап етілмейді. Сонымен қатар, басшы қызметкерлерге қойылатын біліктілік талаптары күшейтіледі, оның ішінде үміткерлердің жалпы еңбек өтілі, соның ішінде басшылық қызметтегі өтілі ұлғайтылады.

Екіншіден.
Заң жобасы ірі микроқаржы ұйымдарын лицензияны тапсырмай-ақ банктерге конвертациялаудың жаңа тетігін қарастырады. Қазіргі уақытта микроқаржыландыру нарығында көлемі орташа банктермен салыстыруға болатын ірі қатысушылар бар. Осыған байланысты ірі микроқаржы ұйымдарының бизнесін одан әрі ауқымдау үшін оларды банктерге трансформациялау жағдайларын жасау қажеттілігі туындап отыр.
Банк лицензиясын алу үшін қойылатын барлық талаптар, оның ішінде ең төменгі жарғылық капиталдың 10 млрд теңге мөлшеріндегі талабы толық көлемде орындалуы тиіс. Микроқаржы ұйымы банк лицензиясын алғанға дейін бизнес субъектілерін кредиттеу қызметін жалғастыра береді.

Үшіншіден.
Екінші деңгейлі банктер мен банк холдингтерінің қаржылық емес ұйымдарға, соның ішінде финтех-компанияларға инвестиция салу мүмкіндігі кеңейтіледі. Алайда мұндай инвестициялардың мөлшері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен шектелетін болады.

Төртіншіден.
Заемшылардың борыштық жүктемесін дұрыс бағалау үшін кредиттік бюроға берілген қарыздар туралы ақпаратты ұсыну мерзімін 15 күннен 1 жұмыс күніне дейін қысқарту ұсынылады. Осы мерзімде заемшыға кредит беру фактісін көрсету және оны сәйкестендіру үшін қажетті мәліметтер тізбесі беріледі. Бұл түзетулердің іске асырылуы шамадан тыс қарызданған тұлғаларға жаңа қарыз берудің алдын алуға мүмкіндік береді.

Бесіншіден.
Қолданыстағы «Микроқаржылық қызмет туралы» заң редакциясында жеке тұлғаға 50 АЕК-ке дейінгі сомада және 45 күнге дейінгі мерзімге микрокредит беру үшін ерекше шарттар көзделген. Атап айтқанда, микрокредит бойынша сыйақының шекті мөлшері мен тұрақсыздық айыбының көлемі шектелген.
Микроқаржы ұйымдарының заемшыларының борыштық жүктемесін азайту мақсатында заң жобасында микрокредит бойынша артық төлем мөлшерін екі есеге – микрокредит сомасының 100%-ынан 50%-ына дейін қысқарту арқылы борыштық жүктемені шектеу ұсынылады.

Другие новости